From Wikipedia, the free encyclopedia
Қазақстан музыкасы — Қазақстанның музыка өнері мен музыка индустриясы.
Қазақстан халықтарының бірегей, терең шынайы дәстүрлерінің қалыптасу және дамуы арқылы ұзақ тарихи процестердің нәтижесінде жеткен музыкалық мәдениетінің бай музыкалық мұрасы. Бұл тұжырымдама қазақ халқының музыка өнерін, XVI-XXI ғасырлардағы қазақ және қазақ жерін мекендеген басқа ұлттар композиторларының шығармалары, романстары, шығармашылық еңбектерін біріктіреді.
Қазақ халық музыкасының тарихына көне түркі дәуірінен бергі кезеңдегі музыка үлгілері мен тарихи-мәдени мәліметтер енеді.
Қазақ музыкасы ауызекі дәстүрге негізделген суырып салмалық өнермен қатар жеке өнер саласы, тіпті ілім ретінде де қалыптасып келеді. Ертедегі орхон-енисей жазбалары, орта ғасырлардағы Қорқыт, оғыз еліндегі қобыз культі туралы деректер түркі тайпаларының музыкалық мәдениетінен хабар береді. Одан бергі жерде әл-Фараби, Ибн-Сина, Әбдірахман Жәми, Дәруіш Әли, т.б. көптеген шығыс ойшылдарының музыка өнеріне қатысты теориялық еңбектері де болған. Фарабидің “Музыканың ұлы кітабы” күні бүгінге дейін ғылыми мәнін жоймаған, әлі де толық зерттеліп болмаған мұра. Мұның өзі қазақ музыкасының бірде шаманизм, бірде зороастризм, бірде ислам мәдениетінің аясында қалыптасып келгенін аңғартады. 15 – 18 ғасырлырдағы жыраулық өнер тудырған эпик дәстүрдің Қазақ музыкасынан алатын орны ерекше.
XIX ғасырдың екінші жартысы Қазақстанның музыка өнерінің гүлденген дәуірі болды. Бұл кезеңде өмір сүрген көптеген аса көрнекті кәсіби композитор-әншілер мен күйшілердің шығармалары халықтың музыкалық классикасының негізін құрады. Көптеген халық композиторлары өз заманындағы білімді адамдар еді; олардың бәрі дерлік хат танитын, кейбіреулері орыс тілі мен араб тілін білетін, бірақ өз шығармаларын нотаға түсіріп жаза алмайтын еді.[1]
XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы музыка өнерінің дамуына Дәулеткерей Шығайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы, Ықылас Дүкенұлы сияқты композитор-музыканттар үлкен үлес қосты. Абай әндері қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы бауырлас достықты нығайтуға игі ықпал етті. Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасынан аударған Татьяна хатының сөзіне шығарған «Татьянаның қырдағы әні» қалың елдің сүйікті әніне айналды.
Қазақ әндерін жазып алуда С. Г. Рыбаков көп еңбек сіңірді. Ол 100-ден астам ән жинады. Қазақтың ән әуендері оркестрлік шығармаларда да пайдаланылды.
Азамат соғысы жылдарында Қазақстан музыкасы жаңа тақырыптармен толыға түскен еді. Алғашқы революцияшыл қазақ әндері туды. Ақындар мен әншілер Кеңес өкіметі идеяларын насихаттауда маңызды рөл атқарды. Әсіресе Сәкен Сейфуллиннің «Жас қазақ марселъезасы» атты революциялық рухтағы әні кең таралды.
Қазақстанның уездік орталықтарында жергілікті органдар Музыкалық мекемелерді ұйымдастыруға баса көңіл бөлді. Бұл халықты саяси ағарту міндеттеріне байланысты еді.
1919 жылы Ақмолада музыкалық мектеп, ал келесі жылы театр, музыка және би үйірмелері бар Халық үйі ашылды. Осы жылы Верныйда жергілікті гарнизонның мәдени ағарту коллегиясы жанынан П.М.Виноградовтың бастамасымен Қызыл әскерлер хоры ұйымдастырылды. Ұзамай-ақ қалада әскер пәлімдері мен парктерде ойнайтын симфониялық оркестр жұмыс істей бастады. 1920 жылы Орынборда музыка мектебі мен музыка кітапханасы, сондай-ақ халық аспаптары оркестрлері үшін көркемдік репертуар құрастыратын комиссия ұйымдастырылды. Петропавлда осы жылы халықтық консерватория ашылды. Бұл жылдары ұйымдастырылған музыкалық мекемелер радио мен теледидардың орнына халыққа идеологиялық тәрбие беруде маңызды рөл атқарды.
Халық арасынан талантты орындаушыларды іздеп тауып, кеңестік музыкалық ұжымдарға тарту үшін слеттер мен байқаулар өткізіле бастады. Қазақстанның көптеген аудандары мен облыстарында әншілер, ақындар, музыканттар байқауы тұрақты өткізіліп тұрды. 1922 жылы Қарқаралыда өткен байқауда бірінші орынды талантты әнші Ғаббас Айтпаев иеленді. 1924 жыды Петропавлда ірі ақын, сазгер әрі әнші Ыбырай Сандыбаев қатысқан слет өтті.
1923 жылы Мәскеуге Ә.Қашаубаев, И.Байзаков, Е.Өмірзақов, Ғ.Айтпаева, Қ.Байжанов, Қ.Жандарбеков, т.б. қазақ әншілері мен музыканттары шақырылып, концерт қойды. 1925 жылы жаңа астана Қызылордада Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Елубай Өмірзақов, т.б. қатысуымен қазан халық музыкасының үлкен концерті өтті.
Қазақ музыка мәдениетін зерттеу және насихаттау ісінде қазақ музыка фольклорын қажымай жинаушы сазгер Александр Викторович Затаевичтің (1869—1936 ) рөлі үлкен. Орынборға 1920 жылы келген ол 3 жыл ішінде 1500-ден астам қазақ әндері мен күйлерін жазып алды. Республика үкіметі А.В.Затаевичтің еңбегін жоғары бағалап, оған 1923 жылы 9 тамызда Қазақ АКСР-нің Халық әртісі атағын берді. Ол барлығы — 2300 шығарма жазып алған, оның ішінде ұйғыр, дүнген, өзбек, қарақалпақ, татар, корей ұлттық музыкалары да бар. «Қазақ халқының 1000 әні» деген алғашқы жинағы 1925 жылы Орынборда, ал «Қазақ халкының 500 әні мен күйі» деген екінші жинағы 1931 жылы Алматыда жарық көрді. Ол жинаған қазақ халқының бай музыкалық қазынасы дүние жүзі елдерін Қазақстанның өзіндік музыка өнерімен таныстырды.
1926 жылы Қызылордада қазақ театры ашылып, Қазақстанның музыкалық орталығына айналды. Ол өзінің алғашқы онжылдығы бойында негізінен музыкалық театр болды. Қазақ көрермендерін тарту үшін театрда спектакльден кейін концерт берілетін.
1931 жылы Алматыда қуатты радио тарату станциясы жұмыс істей бастады. Радиоорталықта түңғыш қазақ кәсіпқой хоры ұйымдастырылды. Ұлттық өнер кадрларын даярлау үшін Алматыда 1932 жылы театр-музыка техникумы ашылды. Бұл республикадағы тұңғыш өнер оқу орны еді, сондықтан онда жұмыс істеу үшін қазақ тілін білетін және музыкадан теориялық білімі бар жігерлі адамдар қажет болды. Сондай мамандардың бірі — Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді.
1933 жылы 29 сәуірде ғылыми-зерттеу кабинеті мен Алматы музыкалық-драмалық техникумының музыкалық-тәжірибелік шеберханасына музыкалық фольклорды зерттеу және қазақ халық аспаптарының үнін жетілдіру міндеті жүктелді. Жұмысқа А.Жұбанов басшылық жасап, Е.Брусиловский және ағайынды Прокофий мен Эмануэль Романенколар сияқты мамандар тартылды. Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Қазанғап, Ықылас, Сармалай, Сейтек, т.б. күйшілердің көптеген күйлері жазылып алынады.
А.Жұбанов кәсіби музыкалық білім жүйесінде домбырада және қобызда нотамен ойнауды үйрету қажеттігі жөнінде мәселе көтерді.
Жемісті еңбек нәтижесінде көлемі және дыбысталуы әр түрлі домбыралар квартетін: прима, тенор, альт және бас домбыраларын жасап шығарды. А.Жұбановтың басшылығымен техникумның 11 студенті кішігірім домбыра оркестрін құрды. 1934 жылы маусымда халық өнер қайраткерлерінің I слеті болды. Домбыра ансамблін есепке ала отырып, Қазақ ОАК-нің төралқасы «Ағарту халкомы жанынан халық өнері қайраткерлерінің I слетіне қатысушылардан халық аспаптарының ұлттық оркестрін құру... Оркестрді республикалық бюджеттен қаржыландыруға қосу туралы» қаулы қабылдады. Оркестр құрамына техникум студенттерімен катар халық музыкасының шеберлері енгізілді. Дирижері және көркемдік жетекшісі А.Жұбанов болды.
1935 жылы осы оркестрдің негізінде Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы құрылды. Филармония республикадағы музыкалық-концерттік жұмыстың ұйымдастырушы орталығы болды. 1935 жылдың жазында халық аспаптары оркестрі Қазақстан бойынша тұңғыш гастрольге шықты. Оркестрдің репертуарындағы Кұрманғазының «Сарыарқа», «Серпер», «Балбырауын», Дәулеткерейдің «Қосалқа» күйлерін халық жылы қабылдады.
1936 жылы мамырда Мәскеуде Қазақстан әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтті. 23 мамырда Үлкен театрда өткен қорытынды концертте партия мен үкімет басшылары қатысты. А.Жұбанов басқарған оркестр өзінің ең таңдаулы шығармаларын орындады. 1936 жылы 3 қарашада Қазақ АКСР ОАК-нің қаулысымен А.Жұбановқа және солист әншілер У.Қабиғожин мен Л.Мұхитовқа республикаға еңбек сіңірген әртіс атағы берілді. А.Жұбанов оркестрге орыс және шетел классикасын, М.И.Глинканың «Руслан мен Людмила», П.И.Чайковскийдің «Қарғанын мәткесі», Ф.Шуберттің «Музыкалық сәт» операларынан үзінділер енгізді. 1938 жылдың қазан айынан бастап оркестрге Латиф Хамиди жетекшілік етті.
Сөйтіп, 30-жылдардың соңына дейін Қазақстанның көсіпқой музыка өнері даму үстінде болды. Білімді қорландыру, дарынды орындаушыларды анықтау, музыкалық ұжымдар үшін талантты жастарды таңдап алу жұмыстары жүргізілді. 30-жылдардың соңына қарай республикада қалыптасқан кәсіпқой музыкалық мәдениетте Қазақстан халықтарының ұлттық мәдениетінің өзіндік белгілері әлі де сақталған болатын.
Мәдени қызмет көрсету мақсатымен 1941 жылы Алматыда майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Олардың құрамында республиканың көрнекті әнші-актерлері Күләш К.Ж.Байсейітова, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Омарова, Е.Өмірзақов, Ү.Тұрдықұлова, Ә.Б.Үмбетбаев, М.Абдуллин, Б.Артықова, Н.Әбішев, Ш.Бейсекова, Қ.Лекеров; бишілер Ш.Жиенқұлова, З.Розмұхамедова; домбырашы Л.Мұхитов болды.
Концерттік бригадаларды жазушылар Ә.Әбішев, Ғ.Мұстафин, Ғ.Орманов, ҚазССР Халкомсовы жанындағы өнер істері жөніндегі басқарманыц бастығы С.Е.Толыбеков, директор Ф.А.Ф.А-Кузьмич т.б. басқарды. Тыл мен майдан арасындағы байланыстың нығая түсуі үшін майданнан тылға келген делегациялардың да маңызы зор болды. 1942-1943 жылдары Қазақстанға майданнан 16 делегация, ал 1944 жылы 6 делегация келіп кетгі. Олардың ішіңце Қазақставда жасақталған 8-гвардиялық атқыштар, Сталинградтық-дунайлық 73-гвардиялық, 391-, 310-, 314-атқыштар дивизияларының т.б. әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлері бодды. Олар кәсіпорындарда, колхоз, совхоздарда, оқу орындары мен ғылыми мекемелерде болып, өз бөлімшелерінің жауынгерлік жолы, полктес жолдастарының ерліктері туралы айтып берді. Қазақстан еңбекшілері делегацияларының майданға баруы әрі майдангерлердің тылға келіп кетуі, демалысқа келген Совет Одағынын, Батырларымен еткізілген кездесулер майдан мен тылдың байланысын бұрынғыдан нығайтты. Совет жауынгерлерін майданда қаһармандықпен соғысуға, тыл еңбеккерлерін жанқиярлық еңбекке жігерлендірді.[2]
Брусиловский “Қыз Жібек”, “Жалбыр” секілді алғашқы қазақ операларын жазды. И.Н. Надировтың “Терең көл” (1939), А.А. Зильбердің “Бекет” (1940), В.В. Великановтың “Тұтқын қыз” (1939), Брусиловскийдің “Ер Тарғын” (1937) опералары Қазақ музыкасының кезекті жетістіктері болды. 2-дүниежүзілік соғыс жылдары қазақ композиторлары “Гвардия алға” (Брусиловский), “Амангелді” (Брусиловский, М.Төлебаев), “Абай” (Жұбанов, Л.Хамиди), “Біржан – Сара” (М.Төлебаев) секілді күрделі туындылар берді. Опера жанрымен қатар композиторлар “Сарыарқа” (Брусиловский), “Абай” (Жұбанов), “Қазақ симфониясы” (Великанов), “Ризвангүл” (Қ.Қожамияров), “Жайлауда” (Қ.Мусин) атты симфониялық шығармалар (поэма), “Коммунизм оттары”, “Кеңестік Қазақстан” атты кантаталар жазды. Брусиловский мен Ғ.Жұбанова оркестр мен жеке музыкалық аспапқа арналған концерт жанрында да елеулі еңбек етті. Қазақ музыкасының жетістіктері кәсіби және көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен Мәскеуде өткен әдебиет пен өнер онкүндіктерінде (1936, 1958) көрсетілді.
Қазақ музыкасын шетелдіктерге алғаш паш етушілердің бірі Ә.Қашаубаев болды. Ол 1925 жылы Парижде, 1927 жылы Майндағы Франкфуртте ән шырқады. 60 – 70-жылдары Қазақстан композиторлары ұжымдық тәсілмен бірқатар опералық шығармалар жазды. Бірақ бұл шығармашылық тәсілдің елеулі кемшіліктері болды. Соның бастысы – бір шығарманың әр түрлі нақышта жазылуы еді. Сондықтан композиторлар бұл тәсілден бас тартып, С.Мұхамеджанов “Айсұлу” (1964), Е.Рахмадиев “Алпамыс” (1972), Жұбанова “Еңлік-Кебек” (1975), Қожамияров “Садыр Палуан” (1977) атты опералық шығармалар жазды, Жұбанова, Қожамияров, М.Сағатов балет жанрында еңбек етті. Брусиловский бесінші, алтыншы, Қожамияров бірінші, екінші, Жұбанова “Жігер” атты симфонияларын жазды. Рахмадиев“Дайрабай”, “Құдаша думан” симфониялық күйлерін ұсынды. Қазақ музыкасы үшін бұл күй жанрының өзіндік жаңалығы болатын.
60–70-жылдарда ән жанрында жемісті еңбек еткен Б.Байқадамовтың, Ә.Еспаевтың, М.Маңғытаевтың, Ш.Қалдаяқовтың, Ә.Бейсеуовтің, Т.Базарбаевтың, Е.Хасанғалиевтің шығармалары халық ілтипатына бөленді. Кейінгі жылдары опера, симфония, балет саласында – С.Мұхамеджанов (“Ақан сері – Ақтоқты”), Б.Жұбаниязов (“Махамбет”), Жұбанова, Рахмадиев, С.Кибирова (“Үш торай”), А.Серкебаев (“Мой брат Маугли”), С.Еркінбеков (“Мәңгі алау”), аспаптық-камералық және вокалдық музыкада – Ж.Дастенов, Маңғытаев, Сағатов, Ж.Тұрсынбаев, Т.Мұхамеджанов, т.б. композиторлар жемісті еңбек етті.
Қазақстан өнер шеберлері Венгрияда (1970, 1973), Германияда (1970, 1972, 1975), Польшада (1971, 1975), Моңғолияда (1971), Чехословакияда (1972, 1974), Кубада кеңінен танымал болды. Азияда – Сингапур, Малайзия, Шри-Ланка, Пәкстан (1973), Үндістан; Еуропа елдерінде – Финляндия (1971), Франция, Германия (1972), Италия (1976), Швецияда (1970, 1984) өткізілген КСРО мәдениеті күндерінде Қазақстанның еңбек сіңірген ұжымдары – Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі, хор капелласы, ән-би ансамблі, классикалық би ансамблі, “Отырар сазы” оркестрі, “Гүлдер”, “Дос-Мұқасан”, “Арай” ансамбльдері, “Сазген” этнографиялық ансамблі, т.б. қатысты. КСРО халық артистері – Бибігүл Ахметқызы Төлегенова, Роза Бағланова, Ермек Серкебаев және Роза Жаманова қойған концерттерін шет ел көрермендері жоғары бағалады. 70-жылдарда Қазақ музыкасының талантты жас өнерпаздары бүкілодақтық және дүниежүзілік музыка сахнасына шықты. Олардың қатарында Паганини атындағы халықаралық скрипкашылар байқауының (Италия, Генуя, 1971) лауреаты Э.Нақыпбекова, Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер бәйгесінің (Мәскеу, 1976) лауреаты М.Мұсабаев, осы байқаудың дипломанты Р.Жұбатырова, бүкілодақтық дирижерлер байқауының (Мәскеу, 1976) лауреаты Т.Мыңбаев, Герберт фон Кароян қорының халықаралық байқауының дипломанты (1978) Т.Әбдірәшев, Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер байқауы (1975) мен Р.Шуман атындағы халықаралық әншілер байқауының (Германия, Цвиккау, 1977) және Рио-де-Жанейрода өткен әншілердің халықаралық байқауының (Бразилия, 1979) лауреаты Ә.Дінішев, халықаралық скрипкашылар байқауының (Белград, 1977) дипломанты және халықаралық скрипкашылар байқауының (Жапония, Токио, 1982) лауреаты А.Мұсаходжаева, Глинка атындағы бүкілодақтық әншілер байқауының (Мәскеу, 1977) лауреаты, әнші Ғ.Қ. Есімов, Болгарияда өткен халықаралық эстрада әндері байқауының (Болгария, София, 1977) “Алтын Орфей” жүлдесін жеңіп алып, “Алтын микрофон” атты халықаралық байқауда (Түркия, Стамбул, 1979) екінші орынды иеленген әнші Р.Рымбаева, Ж.Б. Виотти атындағы халықаралық пианинода ойнаушылар байқауының (Верчелли, 1980) үздік І сыйлығына ие болған Г.Қадырбекова, М.Лонг және Ж.Тибо атындағы байқаудың (Франция, Париж, 1983) жеңімпазы атанған Ж.Ж. Әубәкірова, Халықаралық скрипкашылар байқауының (Париж, 1985) лауреаты Г.Мырзабекова, т.б. бар. 1988 – 99 жылдары “Франциядағы қазақ күндерінде” Ж.Әубәкірова жеке концертімен, М.Бисенғалиев (скрипка), А.Бөрібаев (виолончель), Т.Ормантаев (пианино), М.Мұхамедқызы мен Н.Үсенбаева (екеуі де – әнші) өз өнерлерін көрсетті. 2003 жылы мамырда композитор Б.Жұманиязовтың “Махамбет” операсының (либреттосы – Б.Аманшиндікі) беташар қойылымы өтті. Қазақтың музыка мәдениеті аясында музыкатану ғылымы да қанатын кең жайды. Затаевич, Жұбанов, Ерзакович, Н.Тифтикиди, И.Дубовский, Ю.Аравин,М.Ахметова секілді аға буын ғалымдардың Қазақ музыкасын зерттеуге қосқан үлестері көп. Олардың ізін баса З.Қоспақов, Т.Бекхожина, Ә.Мұхамбетова, С.Елеманова, С.Күзембаева, Б.Қарақұлов, т.б. өнер зерттеушілері шықты. Бүгінде Қазақ музыкасы –аяғына нық тұрған, әлем мәдениетінде өзіндік орны айқындалған өнер саласына айналды.
Қазақстанның қазіргі даму барысында музыка мәдениетінің көп тармақты құрылымы қалыптасты. Республикада Европалық жанрдағы орындаушылық және композиторлық шығармашылықпен қоса, әуенді шығарудың жаңа дәстүрлі, әлемдік көпшілік музыка (рок, эстрада, джаз) және әлемдік концессиялардың діни музыкасы, Қазақстанды мекендеген халықтардың - ұйғырлардың, кәрістердің, немістердің, дұнғандардың орыстардың,татарлардың ауысша кәсіби фольклоры негіз салды. Республикада әртүрлі көркемдік профильдегі орындаушы ұжымдар - Мемлекеттік симфониялық оркестр, Құрманғазы атындағы қазақтың халық аспаптар оркестрі, хор капелласы, халық би ансамблі, Мемлекеттік квартет, эстрадалық ансамбльдер, үрмелі және джаздық оркестрі пайда болды. Қазақстан -әлемдік масштабтағы классикалық музыканы орындаушылар отаны. Ол "- Е. Серкебаев, Б. Төлегенова, Ғ. Есімов, Ә. Дінішев, Г. Қадырбекова, А. Мұсаходжаева, Ж. Әубәкірова, шетелдердегі қазақ музыкалық диаспорасының жұлдыздары - М. Бейсенғалиев, Э. Құрманғалиев, ағайынды Нақыпбековалар.
Бүгінгі күні Республикада к. Байсейітова және А. Жұбанов атындағы арнаулы балалар мектебі, Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік Консерваториясы, Астанадағы Ұлттық музыка Академиясы, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры, Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясы, Қазақконцерт, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер Институты және басқа да музыкалық - біліми, ғылыми және мәдени мекемелер бар. Музыка бүгін мен болашақты, өткенді жалғастырушы алтын буын міндетін атқарып отыр [3].
Жыл сайын біздің тәуелсіз республикамыз "Жігер", "Алтын алма", "Жаңа музыка күндері", "Азия дауысы" халықаралық сайысын, ал халық музыканттарын - дәстүрлі музыканың халықаралық фестивалін, жас орындаушылар фестивалін ұйымдастырылатын.
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.